Нұр-Сұлтан, Қазақстан | 2021/04/19

Нұр-Cұлтан қ., Бейбітшілік көш., 11, 4 қабат

Басқарманың қабылдау бөлмесі: 8 (7172) 55-68-23

Кеңсе: 8 (7172) 55-68-43, a.kairbekova@astana.kz

Баспасөз қызметі: 8 (7172) 55-68-41

Елордада коронавируспен күреске 3700-ден аса дәрігер жұмылдырылды

Елорда дәрігерлері мен медициналық персонал қайта екі еселенген жүктемемен жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда инфекциямен күреске 3 700-ден астам медицина қызметкері жұмылдырылды. Бұл туралы онлайн брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті.

«Қажет болған жағдайда инфекциялық стационарларға жұмысқа тартылатын кадрлық резерв бар. Қалада тәуліктік қуаттылығы 12 мыңнан асатын КВИ диагностикасы бойынша 24 зертхана жұмыс істейді. COVID-19-бен күресу үшін 11 стационар бар, оның ішінде 10 инфекциялық, 1 карантиндік (Рамада Плаза қонақүйі), 3 медициналық ұйым базасында қосымша 300 инфекциялық төсек-орын орналастырамыз», — деді басқарма басшысы.

Жұмылдырып отырған ауруханалар өзге де аурулармен науқастарға медициналық көмек көрсететінін, яғни науқастар бұрынғыдай жоспарлы түрде, шұғыл түрде де ем қабылдай алатынын атап өткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан 10 наурыздан бастап эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймақта» орналасқан. Күн сайын қалада коронавирустық инфекцияның 300-ден астам жаңа жағдайы анықталады. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан КВИ ауруының өсуіне жол бермес үшін санитарлық нормалар мен карантиндік режим талаптарын қатаң сақтау талап етіледі.